Ерте диагностика қолжетімді бола түседі: 2026 жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесінде не өзгереді
2026 жылғы қаңтар айынан бастап Қазақстанда халықтың ерте диагностика мен медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейтетін өзгерістер күшіне енеді. Қызметтердің бір бөлігі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) енгізіледі. Бұл аталған қызметтерді медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтардың алуына мүмкіндік береді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, бұл жаңашылдықтар 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған Заңмен көзделген және денсаулық сақтау жүйесін негізінен сақтандыру моделіне көшіруге бағытталған. Сонымен қатар, мемлекет әлеуметтік кепілдіктерді сақтай отырып, қауіпті ауруларды ерте анықтау шараларын күшейтеді.
Скринингтер - баршаға тегін
Маңызды шешімдердің бірі - оның ішінде онкологиялық скринингтерді қоса алғанда, скринингтік зерттеулерді ТМККК пакетіне енгізу болды. Бұл 2026 жылдан бастап барлық азаматтардың келесі ауруларды тегін ерте диагностикалаудан өте алатынын білдіреді:
- жатыр мойны обыры,
- сүт безі обыры,
- колоректалдық қатерлі ісік,
- артериялық гипертония,
- жүректің ишемиялық ауруы,
- глаукома,
- вирустық гепатиттер және басқа да бірқатар аурулар.
Медицина мамандарының айтуынша, скринингтер ауруларды ғана емес, сонымен қатар ауруға дейінгі жағдайларды да анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ауыр асқынулардың алдын алып, өлім-жітім деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі кеңейтіледі
Заңда күдік болған жағдайда диагностикасы ТМККК шеңберінде тегін көрсетілетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімін кеңейту де қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл тек АИТВ-инфекциясы мен туберкулезге қатысты болса, 2026 жылдан бастап тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан, анағұрлым кең аурулар тізімі бойынша қолжетімді болады.
Қандай аурулар ТМККК-дан МӘМС жүйесіне өтеді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар созылмалы ауруларды емдеуді қаржыландыру көзі өзгереді. Атап айтқанда, ТМККК-дан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне келесі аурулар ауыстырылады:
- қант диабеті,
- балалар церебралдық сал ауруы,
- дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары,
- ревматизм.
Бұл ретте медициналық көмектің көлемі толық сақталады. Барлық сақтандырылған пациенттер емдеуді, консультацияларды және дәрілік қамтамасыз етуді МӘМС шеңберінде бұрынғыдай тегін ала береді.
Инсульттен кейінгі оңалту - ерекше бақылауда
2026 жылдан бастап инсульттен кейінгі жағдай бір жыл мерзімге әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына енгізіледі. Бұл пациенттерге қалпына келтірудің ең күрделі кезеңінде үздіксіз оңалту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және қайталама қан тамырлары бұзылыстарының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Инсульттен кейінгі алғашқы 12 ай жоғалған функцияларды қалпына келтіру мен мүгедектіктің алдын алу үшін шешуші кезең болып саналады. Оңалту көмегі аурудың жедел кезеңінен бастап амбулаториялық бақылауға дейін барлық сатыларда көрсетіледі.
Сақтандырылған мәртебені қалай алуға болады
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС-ке қатысу тәртібі өзгеріссіз қалады:
- Жұмыс істейтін азаматтар: жалақының 3%-ын жұмыс беруші аударады, 2%-ы қызметкердің табысынан ұсталады.
- Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар: ай сайын 1,4 ең төменгі жалақының 5%-ы.
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар: айына 1 ең төменгі жалақының 5%-ы, өткен кезеңдер үшін (12 айға дейін) төлеу немесе бір жылға алдын ала төлеу мүмкіндігі бар. Сақтандырылған мәртебе үш күн ішінде беріледі.
15 жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін жарналарды бұрынғыдай мемлекет төлейді. Олардың қатарына балалар, ресми тіркелген жұмыссыздар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын тұлғалар, зейнеткерлер, күндізгі бөлім студенттері, көпбалалы аналар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар жатады.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы өзгерістер денсаулық сақтау жүйесін тұрақты әрі әділетті етуге, ал ерте диагностиканы әрбір азамат үшін шын мәнінде қолжетімді етуге бағытталған.

