Кеше Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі жұқпалы аурулардың, оның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының өршуіне қарсы тұруға дайындық деңгейін жоғарылату мақсатында Хромтау аудандық ауруханасына жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.
Аймақ басшысы сапалы денсаулық сақтау ел әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін жеткізе отырып, жергілікті ақ халаттыларға алғыс білдірді.
“Халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетудің негізгі бағыттарының бірі – жедел медициналық көмек. Науқастардың өмірін арашалауға алғаш болып жедел- жәрдем бригадасы келеді, ал науқастардың тағдыры дәрігерлердің әрекеттеріне, жабдыққа, соның ішінде көлікке байланысты. Пандемия кезінде азаматтарға аянбай көмек көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін”,- деді Оңдасын Оразалин. 10 мың халқы бар елдімекенде 1 жедел жәрдем көліктің болуы міндетті деп көрсетілген Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен стандартқа сәйкес Ақтөбе облысында бұл шаралар белсенді жүзеге асырылып отыр. Жыл басынан бері 22 жедел- жәрдем көлігі сатып алынса, қазан айының соңына дейін тағы да 22 медициналық көлік алынады. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жедел жәрдем көлігінде өкпеге жасанды ауа беру аппаратынан бастап дефибриллятор, электрокардиограф, монитор, электроотсос жабдықтары орнатылған.